Категории
Самые читаемые
onlinekniga.com » Документальные книги » Биографии и Мемуары » Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - Коллектив авторов

Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - Коллектив авторов

Читать онлайн Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - Коллектив авторов

Шрифт:

-
+

Интервал:

-
+

Закладка:

Сделать
1 ... 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Перейти на страницу:

Тағы да бір қызық жағдай. Қыстың бір тамаша, жайма шуақ күні еді. Жәкең тоғайда қоянға деп құрған тұзақтарын көремін деп киініп жатқан. Шешем: «Сен қайда барасың?» – Жәкең: «Тұзақтарымды қарауға барамын!» – «Көгала, сенің тұзағыңа соқыр қоян да түспейді, одан да сиырларды суатқа айдап бар» – деп, шешем жібермеді. Сиырларды суарып келгеннен соң тұзақтарына барса, бір көк ит, тұзаққа түскен түлкіні бөлшектеп жатыр екен. Жәкең, қорықпай, итке таяқ лақтырады. Басы бір бөлек, денесі, құйрығы бөлек түлкіні Жәкең үйге алып келді. Қып-қызыл, керемет әдемі түлкі екен, өкінгеніміз-ай. Ал, әлгі көк ит деп, Жәкеңнің таяқ лақтырып жүргені, кәдімгі көкжал қасқыр екен. Жас кезімізде осындай да оқиғалар болған.

1943 жылы, қыс бітер кезде, әкем келді. Ауыл шаруашылығының кейбір мамандарын, соғыстың беті бері қараған соң, елдеріне қайтарған. Әкем мал дәрігері болатын. Әкеміз келгеннен соң өмір өзгере бастады. Сол жылы жазда біздің ауданның, Семей жаққа қараған жағындағы бір «Жаңа күш» деген колхозға мал дәрігері етіп жіберді. Біздің, бұрынғы «Қызыл еңбек» деген колхозымызға қарағанда, кішілеу, нашар колхоз екен. Бірақ жанынан Ертіс өзенінің өзі ағады. Бір шатағы осы ауылдың балалары, бөтен бала Жәкеңе, күш көрсеткілері келеді. Кейбір кезде үйдің төбесінен түсірмейді. Бір күні осы жағдайды әкем көріп, әлгі балаларды аттың бауырына алып қусын. Балалар шатақтарын қойып, кейін Жәкеңмен достасып кетті.

Бұл «Жаңа күштегі» өміріміздің ең бір қызық сәттері асық ойнаумен байланысты. Асық ойнауға топ бала жиналады. Асықтан ұтқан бала біздер үшін дүниежүзінің бокстан чемпионы болғаннан кем емес. Ойын түстен басталып, кейде, түнде айдың жарығымен де созылады. Бір марафон. Әр уақытта, ұзақ ойыннан кейін, екі бала, бәйгенің жүйрігіндей, сытылып шығады: бірі біздің Жәкең, екіншісі – бір Асылхан деген бала. Екеуі бірін-бірі жеңе алмай, ойын әбден қызады. Бір бала, түн болса да, шешелері айғайлап ұрысса да, қазыр, қазыр барамын деп, шешелерін алдап, осы бір екі баланың сиқырлы ойындарын, жан-тәнімізді салып, қызыға-қызыға көріп тарамайды. Бір кезде «ух» деп дем аламыз, біреуі жеңеді. Көпшілігінде Жәкең ұтады. Шынымды айтсам, Жәкеңнің көпшілік жағдайда сақасы артық болушы еді. Әрине, талантты да ұмытпау керек, әсіресе, Жәкеңнің шыдамдылығын, алған беттен қайтпайтындығын айтпасқа болмайды. Бірақ осы жерде тағы бір нәрсе еске түспей қоймайды. Сөзсіз Жәкең жойқын мерген, асық ойнауды өнер дәрежесіне көтерген талантты бала. Жаман жері сараң еді. Бір үлкен бұзау терісінен жасалған дорба асығы болса да, тағы да бір темір қорап асығы болса да маған, жалғыз бауырына, бір жаман асығын бермеуші еді. Бұл шындық.

1944 жылы мен бірінші класқа бардым. Жәкең, ұмытпасам, бесінші класта. Келесі жылы, алтыншы класта, алты бала оқуы керек еді. Бұлар бес қыз және Жәкең. Осы алтыншы класта, оқу басталғанда, бес қыздың оқи алмайтындықтары әбден анықталды, үлгерімі жақсы жалғыз Жәкең. Сондықтан бұл оқу жылында алтыншы класты жауып, бес қызды бесінші класқа, ал Жәкеңді секіртіп жетінші класқа ауыстырды. Ол кезде мұндай жағдайлар болатын. Сөйтіп Жәкең бір жылда екі класс бітіріп, кейін онжылдықты он алты жасында бітіруге мүмкіндік алды. Осындай, бала кезден, жолы да болғыш болатын.

1945-1949 жылдар. Қызыл еңбек колхозы. Павлодар облысы, Май ауданының осы колхозында ағамыздың жастық өмірінің тағы да бір қызықты шақтары өтті.

Ең бірінші жәйт мектеп туралы. Жәкең 1949 жылы, он алты жасында, осы колхоздың «Қазақстан» орта мектебін бітірді. Қателеспесем, осы жылы мектепті бітірген балалар тұңғыш рет мемлекеттік емтихандарды өз мектебінің қабырғасында тапсырған. Себебі: бұрын біздің мектептің оқушылары мемелекеттік емтихандарды Павлодарда, не болмаса Ертістің арғы жағындағы Қызыл қоғам деген колхоздың Қызыл-Әскер атындағы орта мектебінде тапсыратын. Мектепті бірінші рет басқа жаққа бармай, өз ауылымызда бітіру, біздің колхоз үшін, Май ауданы үшін бір елеулі жағдай болды. Сондықтан мектеп әдемі той жасап, бұл тойға көп колхоздардың бастықтары, ауданның бастықтары (райисполкомның бастығы Қабашев бас болып), елдің қадірлі ақсақалдары, ата-аналар баршасы қатынасып, салтанатты жағдайда кәмелеттік аттестаттар беріліп, балаларға жарқын болашақ тілеген болатын. Осы тойда Қабашев Жәкеңе бас ұстатқан. Мектеп бітірген балалардың саны бар болғаны жетеу болатын және бұлар сондай ұйымшыл еді. Осы мектептің атағын шығаруда мектеп директоры Шүлембаев Шапағаттың үлесі де мол. Бұл кісі Абай өлеңдерін, жалпы қазақ әдебиетін жетік білетін. Мектепте, елде әдебиетке, әнге, биге үлкен құмарлық болатын. Мектеп балаларының концертіне үлкенді-кішілі лық болып жиылатын. Мектеп оқушысы, апамыз, Хамитова Дәметкен әнші Мұхиттың «Айдайын» салғанда халық ду қол шапалақтап, мәз-мейрам болып, бір сергіп қалатын.

Сонымен не керек, Қазақстанның болашақ жалғыз академик философы, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті, сенатор Жәкеңнің өмір жолы осылай қуанышпен сәтті басталып, халықтың батасын алып еді.

Екінші жәйт ел туралы. 1945-1949 жылдары біздің Қызыл еңбек колхозында, жалпы Май ауданында, еліміздің өсіп даму бағытында бір үлкен дұрыстық бар сияқты еді. Бірінші – бұл еңбек. Жас та, кәрі де, жапа-тармағай еңбек ететін, адал еңбек ететін. Колхозға еңбегі сіңген Қопай, Бықия, Молдажан ақсақалдарды, әкелеріміз Дүйсенбай, Мүтәлда, насыбай Төкенді, ағаларымыз Тәукенді, шешелеріміз Күмісті бүкіл ел шын құрметтейтін, сыйлайтын. Екінші – ауылымызда Қайырбек атамыздай ауыл ақсақалы, жуан Шөкендей білімдар, әңгімеші адам, Дүйсенбай ағамыздай жомарт, кезінде Әйтейдің қара ұстасы аталған Хамит ақсақал сияқты талай қадірлі де, қасиетті де адамдар өмір сүрген еді. Үшінші – елдің оқуға, білімге, ән-биге, өнерге деген құштарлығы зор болатын. Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба …», Лениннің: «Оқы, оқы және оқы» – деген өсиеттерінің өмірде орындала бастаған кезі еді. Жақсы оқитын баланың, әнші жігіт пен қыздың, балуан жігіт пен сұлу қыздың есімдері ел аузында көп айтылатын. Тоқа, Дәмелі, Жидебай, Мерғалым, Ерсайын, Қанапия, Амангүл т.б. аттарды ауыл жастары жақсы білетін. Төртінші – арақ деген пәле жоқтың қасы. Әсіресе, жастардың арасында болмайтын. Сондықтан ба, кішінің үлкенді сыйлауы, жастардың ара қатынасы, ауылдағы тойлар бір түрлі ерекше болатын. Міне, осы айтылған елдегі жағдайлар Жәкеңнің азамат болып қалыптасуына өз әсерін тигізгені сөзсіз деуге болады.

Үшінші жәйт – Жер, Су, мал туралы. Осы уақытқа дейін мен Жәкеңнің жас кезінде мектептің, елдің халқының жақсы болғанын сөз қылдым. Бұл шынында да осылай еді. Бірақ сол кездегі халықтың күнделікті өмірінің көп кемістігі, қиыншылықтары да болатын. Үстіне киетін киімнің тапшылығы. Электр жарығының жоқтығы, біздің электр – жетінші, оныншы шамдар болатын. Ауылда телевизор түгіл радио болмайтын. Бүкіл бір колхозда бір машина болған емес, техника деген атымен жоқ. Жегетіні ат, өгіз, тіпті сиырды да жегетін. Шөп машинаға өгіздерді жегетін.

Тырнауышқа да өгіз жегілетін. Біз кино көріп өскен балалар емеспіз. Жәкең айтады: «Ауылға бір кино келіп, соны көруге бүкіл ауылдан үш сом ақша таба алмадым» – деп. Елде ақша болмайтын. Колхозшылардың балалары болса киноға әке-шешелерінің еңбек күнінің есебінен тізім арқылы жіберілетін, ал Жәкең мал дәрігерінің баласы болғандықтан, ақша төлеуі керек. Қорытып айтқанда, бізді цивилилизацияның, XX ғасырдың, техника ғасырының баласы деп айту қиын. Біз табиғаттың балаларына ұқсаймыз.

Шынында, біздің балалық шағымыз тоғайда, су бойын кезіп балық аулауда, айырыққа суға түсуде, мойыл, бүлдірген, долана теруде, асық ойнауда, аңға тұзақ құруда, отын әкелуде, колхозға көмек көрсетуде, атқа шабуда, тағы басқа толып жатқан жағдайларда өтетін. Осындай бала шағымыз, қазіргі цивилизацияның балаларының өмірінен әлдеқайда қызық болып көрінеді. Туған табиғат адамға көп береді, көп тәрбиелейді. Және ол кезде біздің тоғайлар – ну тоғайлар болатын. Ертістің айырығындағы су үзіліп қалмайтын, балыққа толы, суы мөлдір болатын, тоғайда мойыл тұнып тұратын. Ақ та көп болатын. Біздің Жәкеңде осы бала кездегі қызықтардың бәрін көрді десек артық емес қой деймін. Жәкең туған табиғатын ерекше сүйіспеншілікпен есіне алады, Жәкең туған табиғатының баласы, Жәкең бақытты бала болды. Шынында, осы ретте мысал келтіре кетейін. Ауыл баласының арманының бірі, қызығының бірі, бәйгенің атына шабу. Бірақ мұндай бақыт ілуде біреудің басында ғана болады. Осы бақытты Жәкең де көрді. Осы уақытқа дейін қызығып есіне түсіреді. 1945-1949 жылдары Май ауданында, ел аузына ілінген, бір топ жүйрік аттар болды. Бұлар Қызыл еңбек колхозының Көлтай торы аты (Үлкен торы ат!), Моряк – кіші торы ат, Ала айғыр, Қызыл көк ат, Жалтыр колхозының Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, Орджоникидзе колхозының күрең аты, Жаңа тұрмыс колхозының Бір жамбас аты, Бестау колхозының Сары бауыр аты, т.б. аттар болатын. 7 ноябрде, Май мейрамындағы ат шабыс балаларға, тіпті үлкендердің өзіне де, қазіргі дүниежүзілік олимпиадалық ойындай болып көрінетін. Бәйгеден озып келген аттар, оларға шапқан балалар көп уақыт ел аузында әңгіме болатын, біздерге дәл олимпиаданың чемпиондарындай болып көрінетін. Соның бірі – біздің Жәкең.

1 ... 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Перейти на страницу:
На этой странице вы можете бесплатно читать книгу Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - Коллектив авторов.
Комментарии